Share

Дүниежүзілік сутегі саммиті 2023

Дүниежүзілік сутегі саммиті 2023

8-13 мамыр аралығында Нидерланды Корольдігі Роттердам қаласында Дүниежүзілік сутегі саммитті (World Hydrogen Summit 2023) өтті. Бұл іс-шара сутегі мамандары арасында айтулы болып саналады. 100-ден астам елден 11 500-ден астам қатысушылар болды. Олардың қатарында жоғары лауазымды тұлғалар, шешім қабылдаушылар, энергетика министрлері және бас директорлар және атақты сутегі мамандары, зерттеушілері, сарапшылары болды.

Олар сутегі бойынша жобалар жүргізіп жатқан жұмыстармен таныстырып, жаһандық трамплин ретінде бұл саммит арқылы  әлемдегі сутегі мүмкіндіктерін көрсетіп, басқаларды да шабыттандыруға тырысты. Сонымен қатар 350 компания көрме қатысушысы болды. Халықаралық ұйымдар UNIDO (Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму ұйымы), сутегі бойынша барлық сараптаманы жүргізетін Hydrogen Council жетекшілері қатысты.

Сутегі әлеміндегі бұл маңызды саммитке әріптесіміз Жолдаякова Сауле Қазақстандағы Нидерланды елшілігінің ұсынысынан кейін, арнайы іріктеуден өтіп, әлемдік сарапшылармен иық тіреп, Нидерланды үкіментінің шақыртуымен арнайы делегация мүшесі ретінде қатысты. Осылайша тұңғыш рет Қазақстан бұл айтулы сутегі саммитіне қатысты.

Сутегі бойынша бұл іс-шара тарихи оқиғаларға толы болды.

Энергетика қауіпсіздігі үшін Еуропа елдері сутегі саласын дамыту үшін түрлі инвестиция және субсидия бағдарламаларын енгізуде. #WorldHydrogen2023 марапаттауында «Жыл сутегі адамы» Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Лейенге берілді. Ол Еуропалық Одақтың (ЕО) Таза сутегі альянсы, ЕО сутегі стратегиясы, Repower EU, Еуропалық жасыл мәміле, Сутегі алқабының тендері және т.б. сутегі бағдарламаларына жетекшілік етуде.

Сауд Арабиясының энергетика министрі ханзада Абдулазиз бен Салман  «Сауд Арабиясы мен Нидерланды арасындағы жасыл энергия мен сутегін дамыту бойынша ынтымақтастық» туралы меморандумға қол қойды. Нидерланды жаңартылатын энергия көзінен алынған сутегіні Сауд Арабиясынан Еуропаға тасымалдаудың негізгі бағыты болатынын айтты.

Осылайша Таяу Шығыс елдері де сутегіні өндіру, экспорттау бағытына көз салуда.  Африка елдері Еуропа елдерінен инвестиция тартуда. Сонымен қатар сутегінің ішкі маркетті «индустрилизациядау» жолында алатын орнын айтты. Әрине, су ресурстары шектеулі елдер үшін сутегі өндіру қаншалықты тиімді деген сұрақ туады. Ол үшін су менеджменті, жаңа технология, ластанған суды тазарту жолдарын қарастыруға болады дейді мамандар.

Сутегіні тасымалдау үшін аммиак, метанол, LCOH, сұйықталған сутегі өндірісте жүзеге асып жатыр. Сутегіні қолдану жолдарын Air Liquid, Shell, BP, Chevron сынды ірі мұнай компаниялары өздерінің жобаларымен таныстырды. Қаржылық ынталандыру жолын анықтау үшін Еуропа ұйымы сутегі банкін құрды.

Жасыл сутегі - бұл жаһандық мүмкіндік және оның пайдасы ортақ, бірлескен шешімдерге негізделуі керек деген тұжырымға келді.

Көрмеде сутегі станциялары, отын элементі көліктерін көруге мүмкіндік болды. Арнайы шақыртылған делегация мүшелері Роттердам портының жұмысымен техникалық тур барысында танысты. Еуропадағы ең үлкен порттан барлық экспорт, импорт өнімдері өтеді. Және бұл жерде сутегі хабы болады.

Сутегі болашақ, сутегі ертең емес. Ол қазір болып жатыр. Қазақстан да бұл салада өз орнын табуы қажет. Әрине, әлі де шешу қажет мәселелер жеткілікті. Алайда, әлемде қарқынды өзгеріс жүріп жатыр. «Өнер-білім бар жұрттар сутегімен көлік жүргізді» дегендей, біз үшін жаңа бағыт, жаңа саланы игеру, оқып, үйрену, білім  мен ғылымды қолдау арқылы ғана жетеміз.

Осындай іс-шараға қатысу үйренудің жолы, біздің де әлемге бар екенімізді, сутегімен айналысатын еліміздегі жалғыз департаменттің жұмысымен таныстыру, Қазақстанда да сутегіні білетінін жайлы, қызығушылығымыз бен мүмкіндіктерімізді халықаралық деңгейде көрсету үшін маңызды. Болашақта бұл саммитте біздің  де жобаларды таныстыруға мүмкіндік болар.

Осы мүмкіндік үшін Нидерланды елшілігіне, ҚМГИ алғыс білдіреміз.

Бөлісу бағытындағы: