Share

Мен ар-ождан және әділеттілік принциптері бойынша өмір сүремін

Мен ар-ождан және әділеттілік принциптері бойынша өмір сүремін

  • 18.03.2022
  • News-Kaz
  • Коммент өшірілген on Мен ар-ождан және әділеттілік принциптері бойынша өмір сүремін

Сұлтан Мұсаұлы Ткенбаев – ҚМГ Инжиниринг сарапшылар тобының тәртіптік сарапшысы мұнайшылардың жас буынымен бай кәсіби тәжірибесімен бөліседі. Сала еңбеккерінің жоғары біліктілік дәрежесі мен жинақталған тәжірибесін әріптестері мен айналасындағылар ерекше бағалайды.

Сұлтан Мұсаұлы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің, сондай-ақ бірқатар алғыс хаттардың иегері болып табылады, олардың соңғысы өткен жылдың сәуір айында ҚМГИ басшылығы атынан марапатталды.

– Сұлтан Мұсаұлы, осы саладағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– 1979 жылы Самарадағы Куйбышев политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, тау – кен инженері мамандығын алып, Маңғыстау облысына – «Маңғышлақмұнайгаз» мұнай өндіруші кәсіпорнына «Жетібаймұнай» МГӨБ қызметтерге бөлу бойынша жіберді, содан кейін «Комсомольскмұнай» МГӨБ ауыстым. Ол жерде мен 4 жыл мұнай және газ өндіретін технологиялық қондырғылардың шебері, содан кейін ұңғымаларды жерасты жөндеу шебері болып жұмыс істедім. Осы кезеңде 1980 жылдың қорытындысы бойынша 40 өндіру шебері арасындағы Бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атандым. Осы байқаудың қорытындысы бойынша мені Мәскеуге министрлік сыйлығын ұсыну үшін шақырды, онда мен басқа республикалардан келген әріптестеріммен таныстым. Сол оқиғаның естелігі ретінде КСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрімен бірге түскен фотосуреті қалды.

1984 жылы Гурьев қаласына (қазіргі Атырау) көшіп келіп, Ембімұнайгаз ПО технологиялық бөлімнің (ұңғымаларды бекіту жөніндегі инженер) жетекші инженері болып жұмысқа орналастым, мұнай ұңғымалары құрылысына маманданған кәсіпорын, Каспий маңы бұрғылау басқармасы. Дәл сол жерде ұңғымаларды бұрғылау бойынша жақсы тәжірибе мен білім алдым.

Осы жерде, тұған жерімде, Атырауда сүйіктімді Ғалияны кездестірдім, көп ұзамай біз отбасымызды құрдық. Өзіміздің кішкентай бір бөлмелі пәтеріміз болды, және тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, бүкіл КСРО мамандары жиналатын Самотлорнефть МГӨБ кәсіпорнына Нижневартовскіге көшуді ұйғардым. Жұмыс көлемін түсіну үшін, бұл КСРО жылдық мұнай көлемінің жартысы жылына шамамен 250-300 миллион тонна өндірілетін алып кен орны болды. Сол жерде мен ең бірінші цехқа түстім, жетекші инженер болып жұмыс істедім. Бір жылдан кейін мені кен орын бастығының орынбасары етіп тағайындайды. Суландырылған кен орны болды. Сол кезеңде біз тәулігіне 85-90 мың тонна сұйықтық өндірдік, оның таза түрінде мұнай өңделгеннен кейін бар болғаны 17 мың тонна қалатын, ал қалғаны – су. Мұнай өндіру тозғанша, озық көрсеткіштерге жету және шикізатты экспортқа шығару үшін жүргізілді. Осындай өндіріс жылдамдығымен құбырлар мен барлық жабдықтар қатты тозатын еді, жиі істен шықты, бір күні мен келгенге дейін үлкен апат болды. Самотлор миллионыншы мұнай өндіруге шықты деп айтатын және бұл 3 күнге созылды. Батыс Сібір – Батыс Еуропа мұнай құбыры (Дружба) шыдай алмады және үзілді. Олар құбырды жөндеп, көп ұзамай қайтадан іске қосты, бірақ олар миллионыншы өндіріске қол жеткізе алмады. Мұның себебі ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу бригадаларының жетіспеушілігі деп айтты. Алайда, ол мүлдем басқаша болды – мұнайды қарқынды алу салдарынан ұңғымалардың бұрынғы суландыруы. Бүкіл Одақтан тәжірибелі жөндеушілер жіберілді, апаттың салдарын жойған бригадалар қосылды, кейде өте қатал климаттық жағдайда жұмыс істеуге тура келді, қыста термометр бағаналары 42 градус аязға төмендеді. Жүргізушілер бактағы отын қатып қалмау үшін тіпті түнде машиналарды өшірмеді. Осылайша біз жұмыс істедік, туыстарымызды жылына бір рет демалыс (52 күн)  кезінде ғана көре алдық, және менің алдымда осы кәсіпорында қызметтік өсуді жалғастыру перспективалары ашылғанына қарамастан, дегенмен, бірқатар себептерге байланысты тұрғын үй мәселесі әлі де шешілмеген күйде қала берді. Сол уақытта, біздің екінші баламыз дүниеге келді, жұбайыма балаларды тәрбиелеуге көмектесу үшін және жанында болу үшін үйге ораламын деп, оңай емес шешімді қабылдадым, жаңа Теңіз кен орны ашылған кез.

1989 жылы «Теңізмұнайгаз» – Теңізмұнай МГӨБ жұмысқа орналастым. 1991 жылы сол бірлестікке ТГӨЗ (Теңіз газ өңдеу зауыты) жұмысқа ауыстым. Онда маған 1991 жылдың 6 сәуірде еліміздің және өңірдің бірінші басшыларының қатысуымен өткен Теңіз кен орнын ресми түрде іске қосуға қатысу мәртебесі бұйырды. Мен Теңіздің пайда болуының бастауында тұрдым деп айтуға болады. Теңіз мұнайының бірінші партиясын Оңтүстікмұнайқұбыры мемлекеттік компаниясына тапсырдым.

ТГӨЗ басында резервуарлық парктің (МРП) бастығы ретінде, содан кейін 200 – мұнайды тұрақтандыру және газды сығымдау және 300 – ілеспе газды күкіртсутектен тазарту қондырғыларының бастығы болып жұмыс істедім. 200/300 – бұл процестің басында тұрған зауыттың негізгі қондырғысы және барлық төменгі қондырғылардың жұмысы тәуелді болатын режим. Бұл мен үшін жаңа мамандық болды, сондықтан мен барлық қол жетімді техникалық құжаттаманы, схемаларды және т.б. басынан бастап оқып, мәселенің мәнін түсіну үшін аздап білім жинауға тура келді.  Ол кезде кітаптар қазіргі кездегідей еркін қол жетімді болмады, бірақ біреуі ғана болды – және олда КТЖ (кешенді технологиялық желі) менеджерінде тек қол қою арқылы берілді. Айта кетейін, бірінші рет жаңа бағытты меңгеру оңай болған жоқ. Мен шикі мұнайды қабылдауды, одан газды бөліп алуды, күкіртсутектен тазартуды және концентрацияланған күкіртсутектің 85-90% күкірт алу қондырғысына, ал күкіртсутектен тазартылған газды фракциялау қондырғысына, ал мұнайды бұрынғы жұмыс орныма резервуарлық паркке жіберуді үйрендім. Бірақ уақыт өте келе бұл мамандықты да игердім.

–  Сіздің өмірбаяныңыз бойынша сіздің теңіз кен орындарында да жұмыс тәжірибеңіз бар ма?

– Иә, ҚазМұнайТеңіз. Бұл сол кездегі теңіз жобалары бойынша жетекші мұнай компаниясы болды, ол жерде мен Теңіз кен орындарын игеру және жайластыру департаментін басқардым, содан кейін ҚМТ бас директорының орынбасары болдым. Дәл осы кезеңде-2000 жылдардың басында біз шағын, бірақ құрамында өте тәжірибелі сарапшылар тобымен Маржан (Жемчужина) кен орнын жайластыру бойынша Шелл тұжырымдамасының толық ревизиясын жүргіздік. Біз қысқа мерзімде ҚазҒЖЗИ мамандарын, ресейлік және неміс әріптестерін жұмысқа тарта отырып, жайластыру тұжырымдамасын (теңізге төзімді платформа) әзірледік, соңында оны сәтті қорғадық. Барлауға және жайластыруға жалпы алғанда 800 млн. долл. қаражат жұмсалды. Көп күш жұмсап, біз Қазақстан үшін Маржан (Жемчужина) кен орнында Хазарды сақтап, оны Шеллден үзіп алдық. Сонымен қатар, ҚМТ-де Толқын және Боранкөл кен орындары бойынша өндірістік мәселелерді шешуге жетекшілік еттім.

– Сұлтан Мұсаұлы, сіздің әрі қарайғы еңбек жолыңыз, оның ішінде ҚМГИ қабырғасында қалай қалыптасты?

– ҚМГ-ге Бақытжан Хасановтың шақыруымен «PSA» ЖШС-нен келдім, онда онымен 5 жыл бойы жемісті жұмыс істедік. PSA жобаларды дамыту бойынша бас менеджер қызметінде 2019 жылға дейін жұмыс істедім, Қашаған, Қарашығанақ, Дұнга кен орындары бойынша жобаларды сараптаумен айналыстым, осы кен орындарында Өкілетті орган жүргізетін техникалық инспекцияға жауап бердім, сондай-ақ шақырылған сарапшы ретінде ҚР жер қойнауын пайдаланушылардың ПРПГ қабылдауы бойынша МЭ комиссиясына қатыстым. Содан кейін 2019 жылдың мамыр айында Б.Қ. Хасанов мені ҚМГ Инжинирингіне шақырды, ол жерде мен бас директордың жайластыру жөніндегі орынбасары ретінде бірқатар жобаларға жетекшілік еттім. Пандемия кезінде қысқарту болды және мені тәртіптік сарапшыларға сол өкілеттіктермен, бірақ артықшылықтарсыз ауыстырды, ал 2020 жылдың қыркүйегінде зейнетке шықтым, бірақ ҚМГ жобаларын жүзеге асыру бойынша сараптамамен айналысуды жалғастырудамын. Біздің қызметіміздің бір бағыты ҚМГ компаниялар тобына PMS (Project management system) жүйесін енгізу болды. Оны пайдалану бірінші кезекте барлық жүзеге асырылатын жобалардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобалық басқаруды кеңінен енгізу міндеті өте маңызды, өйткені бүгінде ҚМГ тобында көптеген жобалар жүзеге асырылуда және ұлттық мұнай-газ операторының ағымдағы тұрақтылығы мен болашақ дамуы айтарлықтай дәрежеде олардың іріктелу мен орындалу сапасына байланысты.

– Бұл жобаның мәні неде?

– Қысқаша айтатын болсақ, PMS негізінде саланың барлық жетекші әлемдік компаниялары пайдаланатын Stage Gate Process тәсілі, ол күрделі жобаларды жүзеге асырудың бес кезеңін қарастырады: Бағалау – Таңдау – Анықтау – Жүзеге асыру – Пайдалану. Әрбір кезеңде жүзеге асырудың неғұрлым тиімді нұсқасын, оңтайлы жобалық шешімдерді таңдау және растау, шығындар мен ресурстарды, сондай-ақ жұмыс мерзімдерін шынайы бағалау үшін Value Assurance Review жобаларының сараптамалық бағалануы қолданылады. Сондай-ақ ҚМГ тобы бойынша операциялық және жобалық қызметті нақты ажырату міндеті тұр.

Шелл және Шеврон сияқты мұнай индустриясының әлемдік алыптарында да 5 кезеңдік жүйе жұмыс істейді. Қазіргі уақытта біз шетелдік әріптестердің тұжырымдалған ережелерін осында, ҚМГ енгізу үшін бейімдеуді жалғастырудамыз.

Жобаларда жұмыс істейтін қызметкерлерді жаңа жағдайларда жұмыс істеуге даярлаудың маңыздылығын түсіне отырып, PMS жобалау командасы ҚМГ тәжірибесіне қатысты жобалық басқарудың негізгі үдерістеріне, әдістері мен құралдарына оқыту жүргізеді. Жалпы, PMS енгізу тұжырымдамалық жобалау кезеңінде жобаларды сапалы жоспарлаудың, инвестициялық шешімдерді нақты негіздеудің, жобалау құжаттарын дайындаудың, тиімсіз жобаларды алып тастаудың және жобаны жүзеге асыру үшін нақты жауапкершілікті белгілеудің арқасында ҚМГ тобының қызметін жақсартады.

– Сұлтан Мұсаұлы, жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен өз ісіңнің нағыз шебері, толықтай білікті және сауатты маман болу үшін төменнен жоғарыға өту қажет деп санаймын, яғни мансап бойынша көтерілудің барлық сатыларынан өтіп, теориялық білімді нығайту үшін қажетті тәжірибе жинау керек деп санаймын. Ал тәжірибелік білімдері бар біз сияқты мамандар жақсы білім алған жастарға, мысалы, «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне қамқоршы болу, тәлімгерлік жүйесі арқылы көмектесу қажет, сонда тәжірибелі мамандар жастарды бәсекелес көрмей, өз білімдерімен бөліседі.

Осыған орай, соңғы жылдары біздің компаниямызға енгізіліп жатқан тәлімгерлік институтына оң көзқараспен қараймын. Жастар аға буынның тәжірибесін жинақтап, білімін игере отырып, тәлімгерлер қанатының астында болуға тиіс. Мұндай жастарды біз олардың кәсібі үшін, компания үшін пайдалы болуы үшін уақыт пен күшімізді аямай өсіреміз, кейде оқытылған дайын сарапшылар бірнеше жылдан кейін жалақы, әлеуметтік пакет және басқа бәсекелес компаниялардан тиімді ұсыныстар алып, ҚМГИ-ден кетіп қалғанда қынжылып қаласың. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, мен қазіргі жастарға сөйтсе де бедел мен жоғары атақтарға қызығып бірден көшбасшылық қызметтерге ұмтылмай, өз ісінің Маманы болу үшін мансаптық өсудің барлық кезеңдерінен өту үшін тырысуға кеңес берер едім.

– Сіздің негізгі өмірлік ұстанымдарыңыз бен постулаттарыңыз?

– Мен әрқашан әкемнің басшылыққа алатын үлгісін «ең алдымен таза ар – ожда» деген сенімді ұстандым. Әкем өмір бойы мұнай өнімдерін Мемлекеттікмұнайөнім жүйесінде таратумен айналысқан, ол облыстық басқарманы басқарған. Ал Мемлекеттікмұнайөнім облыстық басқармасы Атырауда болғандықтан, іс жүзінде ММАЗ (қазір АМАЗ) өнімін тек ҚазССР ғана емес, КСРО басқа да нүктелеріне бөліп таратты. Біз байлыққа толы өмір сүре алар едік, бірақ әкем ешқашан адалдық жібін аттамаған. Өйткені, өзің адал жүрекпен өмір сүрсең, жаның тыныш болады. Мен «адал жаса (адал бол), әрі қарай өз ретімен» деген постулатты ұстануға тырысамын. Өткен жолыма өкінбеймін, сәтсіздіктер көп болды дер едім, бірақ жетістіктерге де қол жеткізе алдым. Мені әрқашан кәсіби шеберлігім үшін бағалайтынын сезетінмін, дегенмен кейде менің ешкімнің лауазымына қарамастан өз пірікімді оңай айтатын ашықтығымнан қорқатын. Мүмкіндігімше жинаған білімімді басқалармен бөлісуге тырыстым және оны жалғастырамын, жұмыстан бос уақытымды отбасыма арнаймын, біз көбінесе үйдің жанындағы саябақта серуендейміз, сөйлесеміз, мен өзімнің туыстарым мен жақындарымның арасында уақыт өткізуден үлкен рахат аламын. 

– Мағыналы да мәнді сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, сізге мықты денсаулық және компания мен елдің игілігі үшін ұзақ жемісті қызмет тілейміз!

Бөлісу бағытындағы: